Теміртауда полиция қызметкерлері тұрғын үйдегі өртті сөндірді
Теміртауда полиция қызметкерлері тұрғын үйдегі өртті сөндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 шілдеде шамамен 07:30-да Теміртау қаласының ПБ Патрульдік полиция батальонының инспекторлары Әсет Айменов пен Алексей Левченко күнделікті қызметі атқару кезінде Абай көшесіндегі үйлердің бірінің үстінен қою қара түтін көтеріліп, жалындап жанған отты байқап қалды. Дереу іске кіріскен полиция қызметкерлері кезекші бөлімге хабар беріп, өздері өртенген ғимаратқа жүгірді.
Отқа оранған екі қабатты ғимаратта ешкім тұрмаса да, оған жақын жерде тұрған үйге жалынның таралуы мүмкін еді. Өрт сөндірушілер келгенге дейін полицейлер қолға түскен құралдармен өртті тоқтатуға күш салды.
Көп ұзамай полицияға қосымша күш қосылды, олардың қатарында взвод командирі Төлеубек Белгібаев, инспекторлар Махамбет Кеңесов, Марат Ибраев және полиция кинологтары Ғазиз Шақабаевтар бар.
Өрт сөндірушілермен бірлесіп жалынды сөндірген полиция жасағы қызметін жалғастырды.
Сол күні әлеуметтік желілерде өрттің куәгерлерінің бірі ақпарат жариялады.
– Бүгін таңертең Абай көшесіндегі ғимарат өртенді. Бірінші болып патрульдік полиция қызметкерлері келді. Өрт сөндірушілер келгенге дейін олар тұрғындармен бірге көрші үйді құтқара бастады. Олардың қырағылығы мен көмегінің арқасында үй аман қалды. Полицияға мың алғыс!, – деп жазды ол.