Теміртауда сатушы жұмыс орнынан ақша ұрлады
Сатушы болып жұмыс істейтін Теміртау қаласының тұрғыны өз дүкенінің кассасынан 180 мың теңгені ұрлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 мамырда 43 жастағы қала тұрғыны Қарағанды облысы, Теміртау қаласының ПБ Шығыс полиция бөліміне жүгінді. Жәбірленуші жеке кәсіпкер, қаладағы сауда нүктелерінің бірінің иесі екен. Дүкеннен түскен табысты есептеу кезінде 180 мың теңгенің жетіспеушілігін анықтаған.
Дүкен иесі осы дүкенде сатушы болып жұмыс істеген 44 жастағы әйелдің ақшаны ұрлап кетуі мүмкін деген күдігін жасырмады. ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдікке іліккен әйелді табу оңай болған жоқ. Біраз уақыт полициядан жасырынып жүрген әйелді, 7 шілдеде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің тұрған жерін анықтап, оны ұстады. Күдікті әйел кінәсін мойындап, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.