Теміртауда зейнеткердің банк картасынан ақша шешіп алған әйел ұсталды
Теміртауда зейнеткерге көмек көрсетіп жүрген азаматша банк картасындағы ақшасын үптеп кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың 28 желтоқсанында Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты Ескіқалалық полиция бөліміне 63 жастағы зейнеткер арызданып, белгісіз біреу оның банк картасынан 335 мың теңге ақшасын шешіп алғанын айтқан.
Қылмысты ашу бойынша тергеу жұмыстарын жүргізген полиция қызметкерлері зейнеткердің банк картасын өзінің 37 жастағы танысына бергенін анықтады. Зейнеткер азық-түлік алып жүруге және үйін жинауға шамасы болмағандықтан жоғарыда көрсетілген азаматшамен танысып, оған банк картасын сеніп тапсырған.
Күдікті ұсталған уақытта қылмысын мойындаған. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.