Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Терезедегі бала: Ақмолада полицейлер қайғылы жағдайдың алдын алды

Ақмолада полицейлер қайғылы жағдайдың алдын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

27 қараша таңғы сағат 9:00 шамасында Қосшы қаласындағы «Бекет» блокбекетінің қызметкерлері – Атбасар аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспекторы Данияр Мұстафин мен Қосшы қалалық патрульдік полиция взводының инспекторы Қуаныш Хайролла ауысымнан кейін үйлеріне қайтып келе жатқан болатын. Сол сәтте көпқабатты үйдің 5-қабатынан естілген балалардың көмек сұраған жанайқайы олардың назарын аударды.

Терезе торы мен қорғаныс жақтауы жоқ ашық терезеден шамамен 2,5-3 жас шамасындағы қыз бала жанұшыра айқайлап тұрған еді. Полицейлер бірден әрекет етуді шешті: біреуі төменде қалып, баланың құлап кету қаупінің алдын алуға дайын тұрса, екіншісі жоғары қабатқа көтерілді.

Пәтер нөмірін анықтау үшін тұрғындардан сұрастыра келе, сәбидің терезеде ұзақ уақыт айқайлап тұрғаны белгілі болды. Анасын шақырмақ болғанымен, пәтердің есігі құлыптаулы еді. Қызды қауіпті терезеден алыстату мақсатында полицейлер кілт салатын тесіктен сөйлесіп, оның назарын басқа жаққа аударуға тырысты. Әңгіме барысында анасының дүкенге шығып кеткені анықталды. Егер анасы уақытында келмесе, төтенше жағдай қызметін шақыру жоспарланды. Абырой болғанда, анасы 10 минуттан соң оралды.

Полицейлердің айтуынша, олар баланың өміріне қатты алаңдап, қайғылы жағдай орын алмасын деп барынша әрекет еткен. Бүгінде анасына профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, ал отбасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлардың бақылауына алынды.

Айта кету керек, бұл – бір апта ішінде Ақмола полицейлері шұғыл әрекет етіп, адам өмірін сақтап қалған екінші оқиға. Бұған дейін олар көлік жүргізіп келе жатып, денсаулығы күрт нашарлаған әйелді дер кезінде ауруханаға жеткізіп, аман алып қалған еді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру