Терезеден қоқыс лақтырған павлодарлық әйел жауапқа тартылды
Терезеден қоқыс лақтырған павлодарлық әйел жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абаттандыру және қоқыс шығару мәселесі қашан да өзекті болып саналады.
14 наурызда Павлодар полициясына Мүткенов көшесіндегі үйдің тұрғындары қоңырау шалып, жоғарғы қабаттағы көршілер терезеден қоқыс тастайтынын айтты.
– Заттар, тұрмыстық қалдықтар біздің балконымызға тиіп, аулаға құлап түседі. Бұл не деген сұмдық? Аулада адамдар жүреді, балалар ойнайды, серуендейді, – деп ашуланды тұрғындар.
Полицейлер аталған үйге келді. Неліктен қоқыс терезеден лақтырылды деген сұраққа тәртіп бұзушы қоқыс контейнеріне баруға жалқауланғанын айтты.
Айта кету керек, павлодарлық әйел ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабының (Абаттандыру ережелерін бұзу) талабын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, полицейлер онымен профилактикалық әңгіме өткізді.
Полиция хабарлағандай, ағымдағы жылы облыс аумағында абаттандыру ережелерін бұзған 1 535 азамат анықталып, жауапкершілікке тартылды.