Терезеден құлау оқиғаларының алдын алу: Талдықорғанда балалар қауіпсіздігіне баса мән берілуде
Талдықорғанда балалар қауіпсіздігіне баса мән берілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында жыл басынан бері полиция мен білім беру бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, кәмелетке толмағандарды қорғауға бағытталған 475 профилактикалық іс-шара өткізді. Тексерулер нәтижесінде 2505 құқықбұзушылық анықталып, олардың 2060-ы – балалардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүруі сияқты жағдайлармен байланысты болды. Бұл ретте барлық заңды өкілдер жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары тұрмыстық жарақаттанудың, әсіресе балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алуға ерекше назар аударып отыр. Осы мақсатта Абай атындағы орта мектепте түсіндіру шарасы өтті.
Іс-шара барысында полицейлер оқушылар мен ата-аналарға балалардың абайсыздығы мен үлкендердің немқұрайдылығы қандай қайғылы оқиғаларға әкеп соғуы мүмкін екенін жан-жақты түсіндірді. Көп жағдайда мұндай оқиғалар 2-7 жас аралығындағы балалардың үлкендердің бақылауынсыз ойнап жүрген сәтінде орын алады.
Кездесуде терезеден құлау оқиғаларының нақты бейнежазбалары көрсетіліп, мәселеге тереңірек назар аударылды. Құқық қорғау органдарының өкілдері басты қауіпсіздік кепілі – ата-аналардың өз балаларына деген жауапкершілігі мен ұқыптылығы екенін ерекше атап өтті.
Мектептердегі кездесулермен қатар, полицейлер ата-аналарға мессенджерлер арқылы ақпараттық бейнематериалдар жолдап, ата-аналар жиналыстарында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы шаралар тұрғындармен тұрақты байланыс орнатуға және балалар қауіпсіздігіне деген ортақ жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар шомылу маусымының басталуына байланысты тәртіп сақшылары ата-аналарға су айдындарында балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертіп отыр. Бір сәттік бейқамдық орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін.
Балалардың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ борышымыз. Ол ең алдымен ересектердің сергектігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.