Тергеу изоляторына тыйым салынған зат өткізбек болған күдікті анықталды
Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментінің №71 мекемесінің қызметкерлері тергеу изоляторына тыйым салынған заттарды кіргізу әрекетінің алдын алды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу-қамауда отырған азаматқа арналған сәлем-сауқатты тексеру барысында тексеру тобының қызметкерлері пластмасса тостағанның түбінен OPPO телефоны мен екі SIM-картаны анықтады. Тыйым салынған заттарды жеткізбек болған — оның анасы.
— Қызметкерлеріміздің қырағылығы мен кәсібилігінің арқасында тыйым салынған зат дер кезінде анықталды. Мұндай әрекеттер мекемедегі белгіленген тәртіпті айналып өту мақсатында жасалады, алайда бақылау шаралары үнемі күшейтіліп отырады, — деді ҚАЖД бастығының орынбасары Нұржан Токтамысов.
Аталған құқық бұзушылық бойынша әйел адамға қатысты сотқа жолданатын бастапқы материал жиналды.