Тергеу изоляторында жазасын өтеуші қызылордалық: «Тосын сыйымды бетіме лақтырды»
Қызылордалық тұрғын әжейдің алтындарын ұрлап кеткен. Сол алтындардың бірін әйеліне сыйлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылордадағы ЗК-169/1 мекемесінің шаруашылық бөліміне қалдырылған Алдан есімді азамат жасаған қылмысына өкінеді. Ол ұрланған жүзікті әйеліне сыйлаймын деп отбасының шырқын бұзды. Жасаған қылмысына қарай Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылған.
– Үш жарым жылдан астам уақыт біреулер үшін аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ мен үшін мұндағы әр күнім бір жылға татиды. Екі жылымды артқа тастадым. Қалған бір жыл алты ай да өтер-ау. Өкініштісі сол, бостандыққа шыққанда мені күтіп отырған жарым мен баламның болмауы. Сол күні әйеліме өтірік айтып, ұрланған алтындардың ішінен бір жүзікті сыйға тарттым. Қалғандарын ломбардқа өткізіп, қомақты қаржы әкелдім үйге. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген ұзаққа бармай, тұтқындылдым. «Тосын сыйлығымды» бетіме лақтырып, әйелім менен бас тартып, ұлымды алып төркініне кетіп қалды. Маған тергеу жүріп жатқанда, ажырасуға арыз берді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген рас екен. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан орыс кемпірдің бір қобдиша алтындарын көргенде-ақ, менің санамда арам ой жылт ете қалды. Шіркін, мына алтындарды өткізсем, айлап қара жұмыс жасамай-ақ мол ақшаға кенелер едім деп армандап кеттім. Содан жалғызбасты әжейдің қазынасын жымқырып, қылмыскер атандым, – деді өз әрекетінің дұрыс еместігін кеш түсінген сотталған.
Бұл адасқан жандардың бостандыққа шыққан соң маңдай тер еңбекпен адал жолға түсіп, өмір сүрулері үшін мекеменің тәрбие бөлімі қызметкерлері қажырлы еңбек етіп келеді.
– Қазіргі таңда шаруашылық бөліміне қалдырылған 14 сотталған бар. Олардың ішінде, ұрлық, біреудің дүние мүлкін жымқыру, заңсыз иелену баптары бойынша сотталған ер-азаматтар да жазасын өтеуде. Сот шешіміне сүйене отырып, солардың кейбірінен жеке тұлғаларға зиян келтірілген залалдарының орнын еңбек жалақыларынан өндіртіп береміз, – дейді АКАӘПТЖБ-ның бастығы А. Тұрманов.