Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тергеу изоляторындағы бақылаушының бір күні

Түзеу мекемелеріндегі режим және күзет бөлімі бақылаушысының әрбір жұмыс күні тынымсыз қарбаласпен басталады. Таңертеңгі сағаттарда бақылау-өткізу бекетіне келушілер көптеп ағылады. Кей күндері бұл сан екі жүз адамға дейін жетеді. Олар тергеудегі азаматтарға арнап азық-түлік, киім-кешек және түрлі тұрмыстық заттар әкеледі. Әр сәлемдеме мұқият тексерістен өтуі тиіс — бұл бақылаушының басты міндеті әрі жауапкершілігі. Тергеу изоляторындағы бақылаушының бір күні туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар. 

Бақылаушының ең басты қаруы – қырағылық. Келген сәлемдемелерді тексеру барысында ол нан мен шұжықты бірнеше жерден тіледі, жеміс-жидекті ортасынан қақ бөліп қарайды, шай қорабындағы өнімді бөлек ыдысқа салып, қалташадағы шайдың әрқайсысын жеке-жеке ашып тексереді. Мұндай жұмыстың сыртынан ғана қарап тұрудың өзі біраз сабыр мен төзімді талап етеді. Себебі әр ұсақ-түйектің арасынан тыйым салынған заттардың жасырынуы әбден мүмкін.

Мәселен, Алматы қаласындағы тергеу изоляторында бүгінде шамамен 1500-ге жуық адам қамауда отыр. Жыл басынан бері мұнда түрлі тыйым салынған заттарды өткізуге тырысқан жағдайлар тіркелген. Олардың қатарында 4 литр спирттік ішімдік, 21 ұялы телефон және 50 грамм есірткі тектес заттар бар. Ең жиі кездесетіндері — телефондар мен SIM-карталар. Қазір шағын көлемді құрылғыларды жасыру оңай болғандықтан, оларды тамақтың арасына, аяқ киімнің ұлтан астына, тіпті киім тігістерінің арасына салып өткізуге әрекет жасалады.

Алайда осындай заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін бақылаушылар күн сайын өз жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайды. Арнайы ескерту стендтері мен ауызша түсіндірмелерге қарамастан, тергеудегі азаматтардың туыстары мен таныстары кейде ережені бұзуға барып жатады.

Тек келушілер ғана емес, адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар да бақылаудан өтеді. Өкінішке қарай, олардың арасынан да тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекеттенгендер кездесіп жатады. Мәселен, биылғы жылдың өзінде адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылардан 450 мың теңгеден астам қаржы мен екі ұялы телефон тәркіленген.

Бақылаушының жұмысы түстен кейін де бір сәтке саябыр таппайды. Таңертең қабылданған сәлемдемелер енді өз иелеріне – камераларда отырған тергеудегілерге жеткізілуі тиіс. Бұл да дәлдік пен мұқияттылықты қажет етеді. Әрбір зат арнайы карточка арқылы камерасына жеткізіліп, белгіленген адамның аты-жөні бойынша тізімнен қарап тұрып, санап өткізіледі.

Жұмыс барысындағы мұндай жіті тексерістер мен сүзгілерді кейбір азаматтар түсінбей, кезектің ұзақтығына шағымданып, бақылаушыларға реніш білдіретін кездер де болады. Алайда бұл – қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау үшін қажет шаралар.

Міне тергеу изоляторы бақылаушысының бір күні осылайша сағаттар мен минуттарға бөлінген, тынымсыз әрі аса жауапты жұмыстармен өтеді. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз етудегі маңызды қызмет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру