"Тест — бұл таңдау": Қостанайда жастар есірткіден сақтандыру акциясына қатысты
Қостанайда жастарға саналы таңдау жасаудың маңызын еске салу және оларды ең қауіпті қатердің бірі — есірткіден сақтандыру мақсатында ерекше әлеуметтік эксперимент ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл бастаманы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері және "AMANAT" партиясының жастар қанаты — "Жастар Рухы" еріктілері бірлесіп жүзеге асырды.
Әлеуметтік эксперимент барысында қала саябақтарында және жастар жиі жиналатын орындарда қостанайлықтарға есірткі қолдануға қатысты анонимді экспресс-тесттен өту ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 50-ге жуық қатысушы, соның ішінде бір колледждің студенттері өз еркімен қатысып, барлығы да теріс нәтиже көрсеткен.
— Экспресс-тест — шындықты бірден білуге мүмкіндік береді. Әсіресе ата-аналардың күмәні болған жағдайда тиімді. Қазіргі уақытта мұндай тесттер дәріханаларда сатылмайды, бірақ оларды тегін түрде психикалық денсаулық орталығында немесе тіркелген емханада тапсыруға болады, — деді басқарманың жедел уәкілі Әсел Сексенова.
Мамандардың айтуынша, ерте диагностика жасөспірімдерді тәуелділіктен құтқарудың басты жолы. Есірткіні қолдану дерегі неғұрлым ертерек анықталса, соғұрлым қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі жоғары.
Акция тексерумен ғана шектелмей, еркін әңгімелесу форматында өтті. Полицейлер, еріктілер мен белсенділер жастарға есірткінің жай ғана зиянды әдет емес, денсаулық пен еркіндіктен, болашақтан айырылудың жолы екенін түсіндірді.
— Есірткі — бұл таңдау. Ал бүгінгі жастар үшін пайдалы балама көп. Мәселен, Қостанайда заманауи триатлон паркі жұмыс істейді. Онда күн сайын түрлі жастағы адамдар спортпен айналысады. Бұл тек қана денсаулыққа пайдалы емес, сонымен қатар мықты орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді алдын алу кеңесінің мүшесі Аружан Сарсенбаева.
Өкінішке қарай, жағдай әлі де алаңдатарлық. Жыл басынан бері Қостанай облысында есірткі сату және тарату бойынша үш кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Бұл тек ресми дерек қана емес — олардың артында тез табысқа қызыққан, алайда қылмыстық торға түсіп қалған шынайы тағдырлар жатыр.
Полиция өкілдері ата-аналарды балалардың мінез-құлқына мұқият болуға шақырады. Күдік тудыратын белгілерге көңіл күйдің күрт өзгеруі, апатия, оқуға қызығушылықтың жоғалуы, ортасын жиі ауыстыру және тәртіп проблемалары жатады.
— Біздің мақсатымыз — жасөспірімдерді ұстау емес, оларды құтқару. Сол үшін осындай акцияларды өткіземіз. Бұл — ескерту үшін, жазалау үшін емес. Әркім түсінуі тиіс қағида: есірткі — бұл тәжірибе емес, ол түбі жоқ құрдымға апаратын жол. Ал одан құтылудың жалғыз жолы — оған жоламау, — деп атап өтті Әсел Сексенова.
"Тест — бұл таңдау" акциясы жастар мен полиция арасындағы сенімге негізделген диалогтың маңызды қадамына айналды. Ол жасөспірімдердің ашық сөйлесуге дайын екенін және алдын алу — есірткі қатеріне қарсы күрестің ең тиімді жолы екенін көрсетті.