Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тікелей эфирдегі қылмыстық әрекет: ШҚО-да алаяқтық жасаған күдікті ұсталды

Тікелей эфирдегі қылмыстық әрекет: ШҚО-да алаяқтық жасаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері 18 жастағы азаматты ұстады. Ол мессенджер қолданушыларының аккаунттарын бұзды деген күдікке ілінді.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерді бақылап отырған. Эфир барысында кейбір қатысушылар өздерінің телефон нөмірлерін немесе телефон экрандарын көрсеткен. Сол сәтте экранға түскен мессенджерге кіруді растау SMS-кодтарын пайдаланып, ол жәбірленушілердің парақшаларына қол жеткізген.

Бөтен аккаунттарға кірген соң, ол жәбірленушілердің жақын таныстарына ақша қарызға беру жөнінде жалған хабарламалар таратқан. Ал түскен қаражатты өз шоттарына аударған.

Алаяқтық әрекеттердің салдарынан облыстың бес тұрғыны зардап шекті. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да құқық бұзушылықтарға қатыстылығын тексеруде.

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті азаматтарды онлайн-трансляциялар кезінде сақ болуға шақырады.

Жеке деректеріңізді — ЖСН, банк картасының нөмірін, мекенжайыңызды, телефон нөміріңізді және өзге де құпия ақпаратты — ешқашан тікелей эфирде жария етпеңіз.

Егер сіз интернеттегі заңсыз әрекеттердің құрбаны немесе куәсі болсаңыз, бірден "102" нөміріне хабарласыңыз немесе жақын маңдағы полиция бөліміне жүгініңіз.

Сақ болыңыз — сіздің қауіпсіздігіңіз өз қолыңызда!
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру