Тіл мерекесіне орай полициядан ерекше тарту
5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ерекше тарту жасады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Нақтырақ айтсақ, Төлеби ауданының учаскелік полиция инспекторлары қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 180 жылдығын мерекелеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді мақсат етті. Осы бағытта жергілікті жұртшылыққа Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар қойып, дұрыс жауап берген азаматтарға Ұлы ақынның қара сөздері жазылған кітаптарды сыйға тартты.
Бұл игі дәстүр – полиция қызметкерлерінің тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана шектелмей, сонымен қатар рухани құндылықтарды дәріптеуге, қоғамдағы мәдени-ағартушылық жұмыстарға да үлес қосып отырғанын айғақтайды.
Түркістан облысының полицейлері мұндай бастамалар арқылы тұрғындармен жақын байланыс орнатып, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарды құрметтеуге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етуде.