«Тіл қаруы – сөз»: Түркістан облысының полицейлері байқауға қатысты
Түркістан облысы полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімі ұйымдастырған тіл апталығы аясында «Тіл қаруы – сөз» тақырыбында полицейлер арасында мақал-мәтел және жаңылтпаш айту байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайыстың басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің сөз өнеріне деген ынтасын арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау.
Байқау топтық сайыстан тұрып, оған 16 ауданнан үш полицейден қатысты. Тәртіп сақшылары экраннан көрсетілген мақал-мәтелдің жалғасын тауып, жаңылтпаштарды жаңылмай айтудан өзара жарысқа түсті. Нәтижесінде шапшаң әрекет етіп, көбірек ұпай жинаған Түркістан қаласының полицейлері жүлделі І орынды иеленді. ІІ орынды Түлкібас ауданы, ІІІ орынды Созақ ауданының тәртіп сақшылары алды. Сайысқа қатысушы командалар мен жүлдегерлерге департамент бастығының грамотасы мен бағалы сыйлықтары тапсырылды.
Байқау барысында полицейлер тек мақал-мәтел мен жаңылтпаш айтып қана қоймай, өз бойындағы Отанына, еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттырды.