Төлебилік тұрғынның күркетауығын ұрлаған ұры ұсталды
Түркістан облысының полицейлері күркетауық ұрлаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-на жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғандығы туралы арызданған. Оның айтуынша, күндізгі сағат 15:00 шамасында үйінің ауласында орналасқан қорасының есігін бұзу арқылы кіріп, үш күркетауығын жасырын ұрлап кеткен. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 50 мың теңгеге жуық. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі бірден бастап кетеді. Полицейлер толық құрамда оқиға орнына жедел жетіп, куәгерлерден жауап алады. Содан соң айналаны бір шолып шығады. Нәтижесінде күдіктінің ізін суытпай тез арада ұстап, ПБ-не жеткізеді. Ол бұрын ҚР ҚК-нің 188-бабымен сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.
Тергеу барысында анықталғандай, жәбірленуші жұмысына кеткен мезетте үйде адам жоқтығын білген күдікті арам ойын іске асырған. Содан соң қораның есігінде тұрған құлыпты бұзу арқылы ішіне енеді. Қолындағы қапшығына үш күркетауықты салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қолды болған күркелерді ауыл тұрғынына әрқайсысын үш мың теңгеден сатып, ақшасын бас пайдасына жаратып жіберген.
Түркістан облысының полицейлері мал иелеріне сақ болуға және мүліктерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Мал ұрланған немесе жоғалған жағдайда дереу полицияға «102» телефоны бойынша хабарласу керек. Бұл өз кезегінде қылмысты «ізін суытпай» ашуға көмектеседі.