Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Теміртауда металл өнімдерін жүйелі түрде ұрлаған күдіктілерге қатысты тергеу жүргізілуде

ІІМ-нің жедел-тергеу тобы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ цехтарынан тауар-материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысқан тұлғалардың қылмыстық әрекеттерінің жолын кесті,- деп хабарлайды Polisia.kz .

Кәсіпорын аумағынан аса ірі мөлшерде ұрлық туралы арыз компания әкімшілігінен келіп түсті. Қылмыстық топтың құрамына «Арселор Миттал Теміртау» АҚ қызметкерлері, металл өнімдерін сақтайтын ірі қоймалардың иелері және басқа да тұлғалар кірді. Тауар-материалдық құндылықтарды ұрлаудың және өткізудің тұрақты арнасы жұмыс істеген.

Қылмыстық әрекетін адамдар тобы ұзақ уақыт бойы жүзеге асырды. Тек бір күнде олар орта есеппен 16 миллион теңгеге өнім ұрлап кеткен. Қазіргі уақытта тергеумен қатар қылмыстық топтың қызметіне жәрдем көрсеткен өзге де адамдар анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 24, 188 және 362-баптары бойынша жүргізіліп жатыр.

Тінту барысында ұрланған мүліктермен қатар «Калашников» автоматы, газ тапаншасы, тегіс ұңғылы мылтық және олардың оқтары тәркіленді. Арнайы операция нәтижесінде үш азамат ұсталды.

Сот санкциясымен қамауға алынған Теміртау қаласының Полиция Басқармасы Шығыс полиция бөлімі бастығының орынбасарының осы оқиғаға қатысы бар екендігі анықталып,ұсталды.

Қызметтік тергеу жүргізу нәтижелері бойынша Теміртау қаласы полиция басқармасының бастығы, Теміртау қаласы ІІБ Шығыс полиция бөлімінің бастығы қызметінен босатылды.

Теміртау қалалық  ІІБ бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді. Қарағанды облысының полиция департаменті бастығының екі орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру