Төрт сағат бойы тығылған қонақтар ұсталды
Павлодар облысының полицейлері төрт сағат бойы барда тығылған 40-тан астам азаматты полицияға жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құрамына полиция қызметкерлері кіретін мониторингтік топтар Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері қаулысының талаптарының сақталуын тексеруді тұрақты түрде жүзеге асырады.
Өткен демалыс күндері облыс орталығында аталған қаулы талаптарын бұзудың тоғыз фактісі анықталды.
Мысалы, Желтоқсан көшесіндегі рестобарда жұмыс режимін бұзу, сондай-ақ үй-жайды шамадан тыс толтыру фактісі анықталды.
Тексеру барысында жауапкершілік пен айыппұлдан қорыққан бар әкімшілігінің барлық келушілерді тәртіп сақшыларынан жертөледе жасырғаны белгілі болды.
Олар полиция қызметкерлерін мекеменің жұмысы тоқтатылғанына және онда ешкім жоқ екеніне сендіруге тырысқан. Бірақ барды аралау кезінде полиция қызметкерлері киім ілгіштен және шкафтардан клиенттердің сыртқы киімдерін тапты.
Сондықтан тәртіп сақшылары ғимаратты қоршап алды. Төрт сағаттан кейін ғимараттан 40-тан астам келуші шыққан.
Қонақтардың бірі көпшіліктің бірден шыққысы келгенін, бірақ бар әкімшілігі мен күзетшілердің оларды босатпағанын айтты.
Барлық тәртіп бұзушылар полиция бөліміне жеткізілді, онда олардың жеке тұлғалары анықталды.
Аталған факт бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) мекеме иесін де, барлық келушілерді де әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материал жиналды.