Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Төрт тілде еркін сөйлейтін полиглот полицей

Қазақстан халқы тілдерінің күні қарсаңында Павлодар қаласының полицейі Захар Стрельников көпшілікке үлгі боларлық тұлға ретінде танылды. Бірнеше тілді еркін меңгерген жас маман мемлекеттік тілді жетік біліп, оны кәсіби қызметінде де, күнделікті өмірінде де қолдану арқылы халықпен тығыз байланыс орнатуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстанда жыл сайын 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні аталып өтеді. Бұл мереке – еліміздегі барлық этностарды біріктіретін, ана тілін де, мемлекеттік тілді де білудің маңызын айқындайтын айтулы күн.

Солардың жарқын үлгісінің бірі – Павлодар қалалық патрульдік полиция батальонының инспекторы Захар Стрельников. Ол мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Қазақ тілін Түркістан облысы Сайрам ауданы Жібек Жолы ауылында мектеп қабырғасында жүргенде үйреніпті.

– Мемлекеттік тілді білу маған қызмет барысында ғана емес, жалпы қоғаммен байланыста да үлкен көмек береді. Бұл – халқымыздың бірлігін қамтамасыз ететін негізгі фактор әрі патриотизмнің айқын көрінісі. Біз өзімізді танып, мойындағымыз келсе, ең алдымен осы тілді меңгеруіміз қажет, – дейді Захар Стрельников.

Захар – ұлты орыс. Дегенмен бала кезінен тілдер мен мәдениеттерге қызығушылық танытқан. Сол құштарлығының арқасында бүгінде ол қазақ, орыс, өзбек және түрік тілдерін еркін меңгерген. Бірнеше тіл білуі жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарын таңдандырып келеді.

Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын Захар 2023 жылы бастаған. Жұмабек Тәшенев атындағы университетті "құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін бірден Павлодар полициясында инспектор қызметіне кірісіп, алған білімін тәжірибемен ұштастыра білді.

Жұмыстағы кәсібилігі мен жан-жақтылығы оны әріптестері арасында ерекше құрметке ие етті. Алайда Захарды өзгелерге үлгі ететін тек кәсіби біліктілігі ғана емес. Оның бірнеше тілде еркін сөйлесуі түрлі мәдениет пен ұлт өкілдері болып табылатын әріптестерімен өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді. Бұл қасиет халықпен жұмыста да сенімді күшейтіп, қызметтің тиімділігін арттыра түседі.

Захар үшін көптеген әріптестері сияқты, мемлекеттік тілді білу – жай ғана дағды емес, қоғамға адал қызмет етудің басты құралы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру