Төтенше жағдай ережелерін сақтауға шақырамыз
Алматы полициясы азаматтарды төтенше жағдай ережелерін сақтауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, қаланың сырт жағында құрылған 26 посттағы жағдай тұрақты. Өткен күні карантинге байланысты шектеулі шаралар аясында патрульдік полиция мен мамандандырылған батальон отрядтары халық арасында түсіндіру және кеңес беру жұмыстарын жүргізді. Бүгін ол жалғасып жатыр.
«Өкінішке орай, біздің отандастарымыздың арасында санасы төмен азаматтар да бар, олар қоғамға төніп тұрған қауіпті әлі де ескермейді және шұғыл мәселелерді сылтауратып қажеттіліксіз үйден шығады, осылайша төтенше жағдай және карантин ережелерін елемейді. Біз қазірдің өзінде барлық мүмкін жолдармен олардың және жақындарының денсаулығын қорғауды сұрап, түсіндіріп жатырмыз. Қоғам, қаланың жедел Штабы бекіткен шектеу шаралары біреулердің қулық-сұмдығы емес екенін түсінуі керек, бұл, былайынша айтқанда, бізді қауіпті аурудан сақтап, күресу үшін берілген қорғау шеңбері. Халықтан ерекше ештеңе талап етілмейді, белгілі бір жадынама-алгоритмі бар, оны қатаң сақтау және заңды бұзбау керек», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.
Спикердің айтуынша, өткен күннің нәтижесінде ішкі посттардағы түсіндіру жұмыстары аясында екі мың автокөлік жүргізушісі мен 350-ге жуық азаматпен әңгіме жүргізілді.
«Алайда, 1500-ге жуық полиция мен әскери қызметші қаладағы шектеулердің сақталуын қадағалайтынын атап өткен жөн. Жаяу патрульдеу мен патрульдік полиция экипаждарының бағыттары қайта қаралды және күшейтілді. Қызмет көрсету механизмі жаңартылды. Бұл кезеңде тартылған қызметкерлер шектеулерді сақтау туралы халықты хабардар етуге бағытталған. Төтенше жағдай режимін және шектеуді қасақана бұзған жағдайда, құқық бұзушыларға қатысты қылмысының ауырлығына байланысты әкімшілік және қылмыстық шаралар қолданылатын болады. Бұл шаралар, ең алдымен, қалада короновирустық инфекцияның таралу қаупін азайтуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін бағытталған», – деді Таймерденов.