Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Той өткізген азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды

Полицейлер елде жарияланған төтенше жағдай кезінде той өткізгені үшін түркістандық тұрғынға әкімшілік хаттама толтырды, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

16 наурыз күні таңғы сағат 8:00-ден 15 сәуір сағат 07:00-ге дейін елімізде төтенше жағдай енгізу туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысы шыққаны белгілі. Осыған сәйкес қандай да бір іс-шараларды, бас қосуларды ұйымдастырып, өткізуге тыйым салынды.

17 наурыз күні әлеуметтік желілерде үй ауласында бір топ ағайынның қатысуымен той өтіп жатқан бейнежазба пайда болды. Осыдан соң Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері шұғыл іздестіру шараларын атқарды. Сөйтіп ол тойдың 16 наурыз күні түн ішінде Түркістан қаласындағы мөлтек аудандардың бірінде болғаны анықталды.


Қалалық полиция қызметкерлері төтенше жағдай режимін бұзып жиын өткізгені үшін той иесі – жергілікті тұрғынға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы “Төтенше жағдай режимiн бұзу” бойынша хаттама толтырды. Аталған жайтқа байланысты жинақталған іс-құжат Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.


Облыс полицейлері тұрғындарға заңға бағыну керектігін ескертеді. Төтенше жағдай кезінде той-жиындарды, бас қосуларды ұйымдастырмай, мүмкіндігінше сақтық шараларын жасап, денсаулыққа мән беру қажет екенін айтады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 16 наурызда коронавирустық пандемияға байланысты төтенше жағдай режимі жұмыс істеді. Осыған байланысты бірқатар шектеулер енгізілді. Қатысушылар саны 50 адамнан асатын кез-келген бос уақытты өткізуге тыйым салынады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру