Трендтегі Дубай шоколады: астаналықтар алаяққа алданып қалды
Астанада алаяқтар танымал Дубай шоколадын сатқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда полицейлері интернетте қымбат Дубай шоколадын жарнамалаған алаяқтарды анықтады. Олар Instagram әлеуметтік желісінде шоколадты нарықтық бағадан төмен ұсыну арқылы көп адамды қызықтыруға тырысқан.
Осылайша, жергілікті тұрғындардың бірі алаяқтармен хат алмасып, төлем мен жеткізу жолдарын талқылап, шамамен 15 мың теңгеге бір плитка шоколадқа тапсырыс берген. Ақшаны банк картасына аударғаннан кейін, алаяқтар оны бұғаттап тастаған. Жәбірленуші алданғанын түсінген соң, полицияға жүгінген. Осындай шағыммен 5 жәбірленуші жүгінген.
Байқоңыр ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында танымал Дубай шоколадын сату желеуімен адамдарды алдап, пайда тапқысы келген жас жігіттерді ұстады.
Тергеу барысында ұсталғандар өз кінәсін мойындады. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.