Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Цифрлық криминалистика: заманауи технологиялар және қылмыспен күрес

ҚР Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, 26-27 қыркүйек күндері Қызылорда қаласында министрдің орынбасары С.Адиловтың төрағалығымен ішкі істер органдарындағы цифрлық криминалистика мәселелеріне арналған өңіраралық форум өтіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Форумның негізгі мақсаты – қылмыстарды ашу мен тергеу барысында полиция қызметіне заманауи цифрлық және инновациялық технологияларды енгізу.

Іс-шара Қызылорда облысы полиция департаментінің криминалистикалық полигонында өтуде. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов, облыс прокуроры Р.Ожаров, облыстық полиция департаментінің бастығы С.Ергешов, сондай-ақ аумақтық полиция департаменттерінің жедел-криминалистикалық бөлім басшылары, киберполиция қызметкерлері, тәжірибелі сарапшылар мен сала ардагерлері қатысуда.

Форум аясында криптовалюта активтерін шығару тетіктері жан-жақты талданып, блокчейн технологиясы мен криптоанализдің негіздері қарастырылды. Бұл тәсілдер цифрлық активтердің қозғалысын бақылауға және қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер базасын нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар заманауи криминалистикалық техниканың жаңа үлгілері мен цифрлық шешімдер таныстырылып, практикалық шеберлік сабақтары өткізілді.

Форумды ашқан ішкі істер министрінің орынбасары С.Адилов криминалистикалық қызметтің жетістіктеріне тоқталып, қылмыстарды ашуда заманауи техниканың рөліне, үздік тәжірибелерді қолданудың маңыздылығына және цифрлық криминалистиканың ішкі істер органдары қызметіндегі ерекше орнына назар аударды.

Айта кету керек, Қызылорда облысы полиция департаментінде заманауи техникалық құралдармен және оқу-жаттығу алаңдарымен жабдықталған, еліміздегі ең озық криминалистикалық полигондардың бірі жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру