Түлкібас ауданында алаяқ әйел бірнеше тұрғынды алдаған
Түркістан облысының полицейлері бірнеше тұрғынды сан соқтырған алаяқ әйелді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғандығы туралы арызданған. Онда өзінің сырттай танысы мүгедектікпен зейнетке шығарып беремін деп осы уақытқа дейін алдап жүргенін көрсеткен. Жәбірленуші әйелге келтірілген жалпы шығын көлемі 200 мың теңге.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі ашу мақсатында бірден іске кірісті.
Бұл іс бойынша полицейлер жедел-іздестру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеріп, адамдардан жауап алу жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде күдіктіні полицейлер бір күн ішінде ұстады. Ол бұдан алдын да осындай алаяқтық қылмысы үшін жауапқа тартылған әйел болып шықты. Қазіргі таңда тергеу күдіктінің басқа жайттарға қатыстылығын анықтауда. Бас шарасы қолхатта.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жәбірленушілерді өзінің танысының аз уақыт ішінде зейнетке шығарып беретінін айтып, сендірген. Осылай алаяқтық жолмен ақшаларын алып отырған. Сонымен қатар тергеу барысында тағы бір тұрғынға зейнетке шығарып беретінін айтып, 300 мың теңге ақшасын алғаны белгілі болды.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қаржы мәселелерін шешуге күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға мұқият болу және артық сенімсіздік көрсетпеу қажеттігін ескертеді. Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда сіз «102» телефоны бойынша полицияға тез арада хабарласыңыз.