Түлкібас полицейлері ЖКО жасаған мас жүргізушіні жауапқа тартты
Түлкібас полицейлері ЖКО жасаған мас жүргізушіні жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-ға жол патрульдік полиция қызметкерлерінен хабар келіп түседі. Онда Батыс-Қытай – Батыс-Еуропа жолы бойында Mercedes автокөлігімен КамАЗ ауыр жүк көлігі соқтығысқаны көрсетілген. Жол апаты болған жерге шұғыл түрде жедел тергеу тобы жетіп, оқиғаның мән-жайын анықтады.
Белгілі болғандай, Mercedes автокөлігінің жүргізушісі жол шетінде тұрған КамАЗ автокөлігін соққаны анықталды. Сондай-ақ полицейлер Mercedes автокөлігін басқарған жүргізушінің құжатын тексеру барысында мас халде екенін білді. Сонымен қатар күдікті ер адамның 2019 жылы Алматы қаласының ауданаралық сотының шешімімен 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғандығы расталды.
Қазіргі таңда күдікті ер азаматқа қатысты ҚК 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.