Түлкібаста 10-нан астам жүк көлігінің аккумуляторларын ұрлаған күдікті ұсталды
Түлкібаста 10-нан астам жүк көлігінің аккумуляторларын ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.Түлкібас АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Оның айтуынша. белгісіз адам ауыр жүк көлігінің екі бірдей аккумуляторын ұрлап кеткен. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдіктіні іздеуге кірісті.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыс жасады деген күдікпен Түлкібас АПБ-нің полицейлері бұрын сотты болған Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады. Тәртіп сақшылары күдіктіні бірден полиция бөліміне жеткізіп, тергеу амалдарына кірісті.
Бүгінгі таңда күдіктінің осындай 10-нан астам ұрлық жайтына қатысы бары анықталды.
Ол жол бойында түрлі себептермен тоқтап тұрған жүк көліктерін құрал-саймандардың көмегімен ашып, аккумуляторларды ұрлаған. Осылайша өзінің басқаруындағы жеңіл автокөлігіне салып, Шымкент қаласына қарай беттеген. Содан соң қолды еткен заттарының барлығын темір қабылдайтын орынға өткізіп жіберген. Ал түскен ақшаны жеке басының қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.