Түлкібаста кезекті көкпар ойыны тоқтатылды
Түркістан облысының полицейлері кезекті көкпар ұйымдастырушысын жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғындардың карантин талаптарын сақтауының алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Осындай кезекті шара барысында Түлкібас ауданының полицейлері карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзған тұрғындарды анықтады. Майтөбе ауылдық округіндегі еркін жайылымдардың бірінде Түлкібас АПБ қызметкерлері жергілікті тұрғынның ұйымдастырған көкпар ойынын өткізуді тоқтатты.
Тәртіп сақшылары іс-шараға қатысушыларға карантин талаптарына жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ шектеу шараларын бұза отырып, 150-ге жуық адамды жинаған көкпар ұйымдастырушыларын жауапқа тартты. Іс-шараны ұйымдастырушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Жиналған материалдар тиісті заңды шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберілді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды карантин режимін қатаң сақтауға, медициналық бетперде киюге, антисептикт қолдануға және әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырады. Сондай-ақ, егде жастағы тұрғындар мен балалар шұғыл қажеттіліксіз үйден шықпауы керек. Есіңізде болсын, Сіздің денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың, туыстарыңыздың денсаулығы карантин режимін сақтауға байланысты.