Түлкібастық полицейлер кезекті көкпар ұйымдастырғандарды анықтады
Түлкібастық полицейлер карантин режимін сақтамай, көкпар ұйымдастырғандарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдан бастап COVID-19 індетінің көлемді таралуына байланысты елімізде карантин режимі енгізілген болатын. Осы тұста Түлкібас АПБ-ның қызметкерлерімен өткен жылы ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша жалпы 250-ден аса жайт тіркеліп, СЭББ-ге жолданған. Карантин режимін сақтау бойынша Түлкібас АПБ-ның полиция қызметкерлері де тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіп отырады.
Аудандық учаскелік полицейлер күнделікті жұмыс уақытында көше бойларында атты адамдардың көптеп өтіп жатқандарын көрген. Содан соң осы жайттың мақсатын анықтамақ болып, учаскелік полиция қызметкерлері тез арада жолға шықты. Атқа қонған тұрғындардың артынан ізбе-із ере отырып, ауыл сыртына барды. Ол жерде Түлкібас ауданының тұрғыны 100-150 адамды жинап көкпар жиынын өткізіп жатқанын анықтады.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша тиісті іс-құжаттарды жинақтап, СЭББ-ге жолдады.
Өз кезегінде полицейлер Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарын карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарын бұзбауға шақырады. Сонымен қатар тұрғындарды көптеп жинап, жиын-той жасамауды ескертеді.