“Түнгі қаладағы балалар” іс-шарасы: Атырауда 100-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Атырауда “Түнгі қаладағы балалар” іс-шарасы барысында 100-ден астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірім балалардың құқықтарын бұзу, олардың қатысуымен жасалатын қылмыстық құқық бұзушылық фактілерін анықтау, олардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында Атырау облысы аумағында 17-19 шілде күндері аралығында “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Іс-шара кезінде атыраулық полицейлер ІІО-ның есебінде тұрған жасөспірімдер мен жайсыз отбасыларды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріп, нашақорлықтың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратуда.
“Түнгі қаладағы балалар” іс-шарасының бір күнінде барлығы 102 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау – 6, кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық саны – 2, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы бойынша 94 дерек анықталып, тиісті іс-шаралар қолданылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.