«Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы басталды
Алматы облысында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арнайы шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында жасалатын және олар зардап шегетін қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу.
– Жедел-алдын алу іс-шарасының бірінші күніне ювеналды полиция инспекторлары мен басқа да қызметтердің үш жүзден астам қызметкері жұмылдырылды. Олармен бірге білім беру және денсаулық сақтау саласының өкілдері, прокуратура қызметкерлері, сондай-ақ ата-аналар комитеттері болды. Жедел-алдын алу іс-шарасының алғашқы күні 147 ойын-сауық орны мен 92 жертөле тексерілді, – деді Алматы облысының ПД ЖПҚБ бастығы Бағдат Әшімов.
Шараның алғашқы күні профилактикалық және тізімдік есепке 18 жасөспірім мен 11 қолайсыз отбасы қойылды. Жасөспірімдерді уақытша бейімдеу орталықтарына қадағалаусыз және панасыз қалған үш бала орналастырылды. Тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарының есебінде тұрған 88 кәмелетке толмаған және 132 қолайсыз отбасы тексерілді.
– Бұл іс-шара құқық бұзушылық жасауға бейім жасөспірімдерді, сондай-ақ балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамайтын кәмелетке толмағандардың ата-аналарын немесе заңды өкілдерін анықтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Бағдат Әшімов.