«Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы: Петропавлда депутаттар мен полицейлер рейдке шықты
Депутаттар мен полицейлер Петропавл қаласының орталығында кәмелетке толмағандар арасындағы бұзушылықтардың алдын алу бойынша түнгі рейд өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық ювеналдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері Петропавлдың орталық бөлігінде түнгі рейдтік іс-шара жүргізді. Аталмыш жұмыстар үш күндік «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде ұйымдастырылды. Оған инспекторлардан бөлек, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Түн ортасына жақын рейдтік топ орталық мәдениет және демалыс саябағының кіреберісінде, сондай-ақ жақын маңдағы аумақта бірқатар тексеру жүргізді. Нәтижесінде стационарлық полиция пунктіне бір сағаттан аз уақыт ішінде, сағат 23.00-ден кейін заңды өкілдерсіз көшеде әртүрлі себептермен жүрген кәмелетке толмаған бес жасөспірім жеткізілді. Балалармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелер жүргізілді, ата-аналарға қатысты ескерту түрінде жауапкершілік шаралары қолданылды.
Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған ждағдайда ата-аналарға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді. «Түнгі қаладағы балалар» операциясы шеңберіндегі түнгі рейдтерді қалалық ювеналдық полицейлер күн сайын өткізеді.
«Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі күнінің қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс және ойын-сауық орындарында болғаны үшін 68 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісті түрде атқармаған 14 ата-ана әкімшілік жауапкершілік арқалады.
Мектептен кейінгі жазғы демалыс әлі де жалғасуда, сондықтан полицейлер ата-аналардың балаларын бақылауы қажет екенін еске салады; бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың өз бетімен түнде жүруіне жол бермеу, суға шомылатын орындарда қараусыз қалдырмау, оларды жалғыз жібермеу, жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау туралы ескертеді.