"Түнгі қаладағы балалар" ЖПІШ: Қызылорда облысында 292 жасөспірім полицияға жеткізілді
Қызылордада "Түнгі қаладағы балалар" рейдтік іс-шара барысында полицияға 292 жасөспірім жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс көлемінде кәмелетке толмағандар және оларға қарсы жасалатын қылмыстың алдын алу, болдырмау бағытында, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жүріс тұрыстарына бақылау жасау, заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және көшеде бей-берекет жүретін жасөспірімдерді анықтау мақсатында 30 қаңтар мен 2 ақпан аралығында облыс көлемінде "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Полиция органдарына барлығы 292 кәмелетке толмаған жеткізілсе, 11 бала қадағалаусыз және панасыз қалғаны үшін әкелінді.
Жүргізілген рейдтер нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін 25 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы аясында 211 кәмелетке толмаған бала анықталып, олардың заңды өкілдеріне хаттама рәсімделіп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 15 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.