Түнгі рейд: Павлодарда полицейлер ересектердің қарауынсыз жүрген балаларды анықтады
Павлодар облысында күн сайын кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде ересектердің қарауынсыз жүруіне жол бермеу мақсатында рейдтік шаралар өткізіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау органдары 18 жасқа толмағандардың ойын-сауық орындарында кальян шегу, алкоголь ішу фактілерін де тіркеп отырады.
Кезекті тексеріске Павлодар қалалық полиция басқармасының Солтүстік бөлімінің қызметкерлері шықты. Аға инспектор Рада Прохорова ювеналдық полициядағы жұмыс ерекшеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, инспекторлардың қызметі таңертең басталып, кешкі сағат 21:30-да рейдпен жалғасады. Алайда қызметкер кезекке алдын ала дайындалып келеді.
— Форманы киген сәттен бастап өзіңді басқаша сезінесің. Айналаңдағы адамдардың сенен көмек күтетінін түсінесің. Полиция формасын киген соң, әрбір әрекетіңе жауапты екеніңді ұмытпау керек, — дейді Прохорова.
Рейдке екі патрульдік көлік шықты. Әрқайсысына өз аумағы бекітіліп, сол аумақ кеш бойы тексерілді. Құқық қорғаушылардың үйлесімді жұмысының арқасында қала толық бақылауда болды.
— Ата-аналардың бәрі бірдей баласының қайда, кіммен жүргенін біле бермейді. Заң бойынша кәмелетке толмағандар түнгі уақытта көшеде заңды өкілсіз жүре алмайды. Бірақ бұл талапты бәрі бірдей орындамайды. Кейбір ата-аналар бұған ренжиді. Бала үйге кешіксе, полицияға қайта-қайта қоңырау шалып мазасызданады. Ал егер бірдеңе болса, бар кінәні тәртіп сақшыларына аударады, — дейді Рада Прохорова.
Алдымен тәртіп сақшылары қалалық кафелерді тексерді. Көпшілігінде тек ересектер болды. Бір мекеме әкімшісі кәмелетке толмағандарды түнде кіргізбеуді қатаң бақылауда ұстайтынын айтты. Бұл, әрине, қуантады. Дегенмен, бұзушылықтар да кездесті.
Сағат 22:30-да полицейлер Естай көшесіндегі мекемелердің біріне кірді. Әкімшілік дереу есік ашты. Іште 17 жастағы жасөспірім заңды өкілінсіз отырғаны анықталды.
Тексеру барысында мекеме ішіндегі тәртіпке әкімші жауапты екені белгілі болды. Сол себепті әкімші де, жасөспірімнің ата-анасы да жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер жасөспірімдермен профилактикалық әңгіме жүргізіп, түнгі уақытта жасөспірім қылмыстың құрбаны да, қатысушысы да болу қаупі бар екенін түсіндірді.
— Көп жағдайда мәселе отбасындағы қарым-қатынасқа байланысты болады. Кей ата-аналар баласымен араласуға, жетістігіне қызығуға, бірге уақыт өткізуге көңіл бөлмейді. Одан гөрі, балаға еркіндік беріп, кеш жүрсін, компьютер ойнасын деп қарап отырады. Мұндай бақылаусыздық баланың өз бетімен әрекет етуіне, құқық бұзушылықтарға баруына, тіпті есірткі немесе алкогольге үйір болуына алып келуі мүмкін. Ата-аналар бұған бейжай қарамауы тиіс, — дейді аға инспектор.