Түнгі уақытта жүрген 48 қызылордалық жасөспірімнің ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылды
Қызылорда қаласында Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесі жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқаруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен аптада жүргізілген рейдтік шаралардың нәтижесінде 66 құқық бұзушылық дерегі анықталды. Кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында немесе түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде жүргені үшін 48 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 5 ата-анаға әкімшілік шара қолданылды. Қоғамдық орындарды ластау фактілері бойынша 16 хаттама толтырылды.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 6 жасөспірім орналастырылды.
Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың қауіпсіздігіне бей-жай қарамай, әсіресе түнгі уақытта қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз.