Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғындар тыныштығын күзеткен полиция инспекторы

Тұрғындар тыныштығын күзеткен полиция инспекторы жұмыс күнімен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қуандық Днимов Ақтөбе қаласындағы 8-мөлтек ауданның учаскелік полиция инспекторы. Өзіне бекітілген ауданды бес саусағындай білетін полиция майорын тұрғындар жақсы таниды. Қандай да бір құқық бұзушылық болса, тәулік бойы оның телефонын тікелей тексереді. Тіпті, бірі жасөспірім баласымен тіл табысуға көмектесуді өтінсе, бірі үйінде су құбырының жарылғанын айтып көмек сұрайды, енді бірі жұмысқа орналасуға көмектесуді де өтініп жатады. Учаскелік инспектор ешбір тұрғынның өтінішін жерде қалдырмайды. «Қызметтік міндеттен бөлек, ешуақытта азаматтық парызды ұмытпау қажет» дейді ол. 

Қызмет жолын патрульдік полицияда бастаған Қуандық Днимов бірнеше жыл бойы Ақтөбе қаласында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор болған. Аса қарапайымдылығы мен мейірімділігінің арқасында жасөспірімдермен де, олардың ата-аналарымен де сенімді қарым-қатынас орната білген Қуандық Днимов жастар арасындағы құқық бұзушылықты айтарлықтай азайтқан.  Әрбір қолайсыз отбасының тұрмыс жағдайын мұқият зерттеп жүретін ол талай жұмыссыз ата-аналарды жұмысқа, балаларын балабақшаларға орналастыруға да көмектескен. 

– Ата-аналар жұмыссыз болса, балалар мектепке, балабақшаға бармаса, әрине отбасының жағдайы қиындайды. Әсіресе, балаларға әсер етеді. Сондықтан, барынша осы мәселелерді шешуге тырысамыз, – дейді ол. 

Ең бір қиын деген жасөспірімдермен де тіл табыса білген, Қуандық Өмірзақұлын бұзық балалардың өзі тырп етпей тыңдайтынын білген ата-аналар, балаларымен сөйлесіп беруді өтінетін кездері де кездескен. Полицей ретінде ғана емес, ағалық ақыл-кеңесін аямаған Қуандық Днимов сол кездері ағаттық жасаған бірнеше жасөспірімнің түзу жолға түсуіне ықпал еткен. 

– Менде профилактикалық есепте бір жасөспірім болды. Онымен жиі сөйлесіп жүрдім. Алғашында біраз ашылмаған бала кейін ақыл-кеңестерге жиі құлақ асып, көз алдымызда түзеле бастады. Колледжге оқуға түсті. Одан бері бірнеше жыл өтті. Жақында өзі іздеп келді. Бүгінде үйленген. Жұмысы, көлігі бар екенін айтып жатыр. Шын жүрегіммен қуанып қалдым. Жасөспірім шақ – ең бір қызуқанды, албырт шақ қой. Бұл кезде баланы кінәлай бермей,  сенімді қарым-қатынас орната білу, дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды, – дейді Қуандық. 

Бүгінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет ететін Қуандық Днимовтің әрбір жұмыс күні аса қарбалас өтеді. Азаматтардың арыз-шағымдарын қарау, материалдар әзірлеу, әкімшілік аумақты аралау, есептегі тұлғаларды тексеру, сотқа бару, құқық бұзушылықтар профилактикасы сынды күнделікті жұмыстардан полицей түн мезгілінде бір босайды.

– Азаматтармен кері байланыстың маңызы зор. Телефонымда бірнеше үйлердің чаттары бар. Азаматтар әртүрлі сұрақтар бойынша хабарласады. Әрбір хабарламаға мұқият ден қоямыз. Біздің құзыретімізге кірмейтін мәселелер бойынша да көмек сұраған қоңыраулар жиі түседі. Ешқайсысын бейжай қалдырмауға тырысамыз. Мысалы, үстіңгі қабаттағы көршінің  суға кетіруі туралы  жиі хабарласады. Барып, мәселені шешуге көмектесіп, ретін түсіндіреміз. Кейде үй аралағанда өздері тұратын қария кісілерге көмек қолдары қажет екенін көремін. Мұндай жұмыстарға жас мамандарды ерте барып, көмектесуге тырысамын. Себебі тәрбиелік мәні зор. Үлкендердің алғыс-батасын алғанға не жетсін, – дейді Қ.Днимов. 

Оның айтуынша, тұрғындардан көршілердің тыныштығын бұзу, көшеде спирттік ішімдіктер ішу, отбасындағы ұрыс-керіс бойынша қоңыраулар көбірек түседі.  Аумақта орын алған қылмыстар туралы да тұрғындар бірінші учаскелік инспекторға хабарласады. Жиырма жылдық кәсіби тәжірибесі бар, әрі ауданның криминогендік ахуалын жетік білетін Қ.Днимов қылмыстарды қалай да ашатынын  олар жақсы біледі. Мысалы, жуырда жаңа жыл қарсаңында екі жігіттің төбелескен дерегі бойынша оқиға орнына жеткен Қуандық Днимов күдіктіні «ізін суытпай» іздеп тауып, полиция бөліміне әкелген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру