Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғындар тыныштығын қамтамасыз еткен учаскелік инспектордың бір күні

Атырау облысының Жилгородок ықшам ауданындағы 2 мың тұрғынның тыныштығын қамтамасыз еткен учаскелік инспектордың бір күні туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Учаскелік инспектор – құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздіктің алдыңғы шебінде жүретін маман. Күнделікті қызметінде олар халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуға күш салады. Азаматтардың амандығын қорғап, тәртіптің сақталуын қадағалау – олардың басты міндеті. Осындай жауапкершілігі зор қызметті атқарып жүрген полиция капитаны Дархан Амантурлин алты жылдан бері қоғам тыныштығының күзетінде тұр.

Дархан Амантурлин – Атырау қаласының тумасы. Ол 2019 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдап, ішкі істер органдарындағы еңбек жолын бастады. Бүгінде №13 учаскелік полиция пунктінің инспекторы ретінде өзіне сеніп тапсырылған аумақтағы тәртіпті қамтамасыз етіп келеді. Жауапкершілігі жоғары бұл қызмет оның жаны қалаған кәсібі болғандықтан, өз жұмысына үлкен сүйіспеншілікпен қарайды.

Дарханның жұмыс күні таңертең өзіне бекітілген әкімшілік аумақ – Жилгородок ықшам ауданын шолудан басталады. Мұнда 2000-нан астам тұрғын бар. Учаскелік инспектордың негізгі міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және азаматтармен тығыз байланыс орнату. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін әр адамның заңға құрметпен қарап, тәртіп ережелерін ұстануы маңызды.

– Тұрғындар көбінесе отбасылық жанжалдар, түнгі уақытта тыныштықтың бұзылуы, қоғамдық орындардағы ұсақ бұзақылықтар мен жеке мүлікке қатысты құқықбұзушылықтар жөнінде шағымданады. Демалыс күндері түнгі рейдтер ұйымдастырып, ойын-сауық орындары – дәмханалар мен түнгі клубтарды тексереміз. Қоғамдық тәртіпті сақтау, мас күйде бұзақылық жасамау, ұрлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргіземіз. Менің жұмыс күнім таңғы 08:30-дан кешкі 23:00-ге дейін созылады, – дейді Дархан Амантурлин.

Дархан өз қызметіне адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуде. Учаскелік инспектор ретінде ол тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың мәселелерін шешуге әрдайым дайын. Қоғаммен өзара сенім мен түсіністік қалыптастыру – бұл мамандықтың ең басты қағидаларының бірі. Халық тыныштығы үшін атқарған еңбегі елеусіз қалмай, азаматтардың алғысына бөленіп жүрген Дархан Амантурлин – өз ісінің нағыз маманы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру