Тұрғындардан ақша алып, алдап кеткен алаяқ анықталды
Түркістан облысының полицейлері «жұмысқа орналастырамын» деп, бірнеше тұрғынды алдаған алаяқ ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар АПБ-не жергілікті тұрғыннан арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, өзі жақсы танымайтын адам сеніміне кіріп, вахталық жұмысқа орналастырып беремін деп 300 мың теңге ақшасын алған. Алайда, ақшаны иемденген алаяқ уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай жәбірленушіні әбігерге салады. Содан кейін алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полициядан көмек сұрайды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Аталған жайт бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдікті азаматты тәртіп сақшылары анықтап, тұрғылықты мекенжайынан бір тәулік ішінде ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті жәбірленушіге карантин кезінде жұмыс жоқ деген секілді түрлі сылтауларын айтып, алдап жүргенін мойындады. Осылайша күдікті ер азамат пайдакүнемдік ниетпен алынған ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Сондай-ақ полицейлер ұсталған азаматтың дәл осындай жолмен тағы үш адамнан ақша алғанын анықтады. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 700 мың теңгеден асады. Күдіктінің бас шарасы «ешқайда кетпеу туралы қолхат». Қазіргі таңда ұсталған ер азаматқа қатысты тергеу амалдары жүруде.
Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына таныс емес азаматтарға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді.