Тұрғындарды 3 миллион теңгеге алдаған түркістандық алаяқ ұсталды
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды үш миллион теңгеге алдаған алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында қылмыстың өршіген түрі ол – алаяқтық қылмысы. Сондықтан да облыс полицейлері қылмыстың алдын алу мен болдырмау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
Атап айтсақ, Түркістан қаласында кезекті алаяқтық жайты орын алды. Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйел алаяқтың құрбаны болғанын айтып арызданған. Оның айтуынша, танысы Корея еліне жұмысқа тұрғызып беретінін айтқан. Және ол үшін тұрғыннан 1,5 миллион теңге қаражат алған.
Алайда, бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмысты да, не өз ақшасын да ала алмаған. Аталған жайт СДТТБТ-ге енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті деп танылған бұрын сотты болған жергілікті тұрғынды анықтап басқармаға жеткізді.
Күдікті азаматтың жәбірленушіге жалған ақпарат беріп, ақшаны өзіне алғаны және оның басқа да алты алаяқтық жайтына қатысы бар екені белгілі болды. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі үш миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде. Ұсталған ер азаматтың бас шарасы қамауда.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға сенбеуді, яғни жұмысқа орналастырып беремін, несие болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыз.