Тұрғындарды алдап кеткен алаяқ әйел ұсталды
Түркістан облысының полицейлері бірнеше тұрғынды алдаған алаяқ әйелді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс АПБ-не Қазығұрт ауданының жергілікті тұрғыны арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оған бейтаныс әйел Шымкент қаласынан салынып жатқан әлеуметтік үйді жеңіл жолмен алып беремін деп сеніміне кірген. Содан соң алдап 250 мың теңге алған. Алайда ешқандай үй алып бермегеннен кейін алаяқтық жасағанын білген. Аталған арыз Арыс АПБ-не ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Полиция қызметкерлері тергеу амалдары барысында күдікті әйелдің тұрғылықты мекен-жайын айқындады. Одан бөлек осындай алаяқтық жолмен 6 бірдей тұрғынды алдап, әрқайсысынан ақша алып отырғаны ашылды. Жалпы келтірілген шығын көлемі 3,5 миллион.
Күдіктіні полицейлер Шымкент қаласында тағы бір тұрғынды алдау үстінде қолға түсірді. Құқық бұзушы кінәсін толық мойындады. Сонымен қатар, өкінетінін жеткізді.
Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктінің жасқа толмаған нәрестесінің болуына байланысты бас шарасы үй қамақта.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтың арбауына түсіп қалмаңыздар деп ескертеді. Кез-келген мемлекеттік бағдарлама бойынша құжат тапсырарда тікелей мамандарға баруларыңызды сұрайды. Ортада «істеп беремін деген белгісіз жандарға» сенбеуге шақырады.
Егер де алаяқтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, «102» телефонына шұғыл түрде хабарласыңыздар. Тез арада берілген ақпарат қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.