Тұрғындарды құжаттандыру жұмыстары жалғасуда
Түркістан облысының полицейлері КСРО құжатымен жүрген және құжаттары мүлде болмаған тұрғындардың жеке куәліктерін ресімдеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республика аумағында 2020 жылғы 24 қыркүйектен бастап мәртебесі заңмен реттелмеген адамдарды анықтау, ҚР азаматының құжаттарын ресімдеу немесе азаматтығы жоқ адамдарды куәландыру бойынша акция өткізілуде.
Осы мақсатта Жетісай АПБ көші-қон қызметі бөлімшесі мен ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп, осы санаттағы тұлғаларды анықтап, олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын ресімдеу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Шара барысында Жетісай қаласының 48 жастағы тұрғыны Улбосын Омированың 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен тұрып жатқаны анықталды. Ол өзінің денсаулығына байланысты құжат жасау үшін полиция бөліміне бармаған.
Азаматша У.Омированың ескі құжаты жаңа жеке куәлікпен алмастырылды және оған табыс етілді.
Бұдан бөлек, кезекті тексеру барысында Өзбекстан Республикасында туған Жетісай ауданының тұрғыны Руслан Цойдың жеке басын куәландыратын құжаты жоқ екені анықталды. Ол ата-анасы ерте қайтыс болуына байланысты жеке басын куәландыратын құжатын жасай алмай жүрген.
Осыған байланысты, Р.Цойдың жеке басын куәландыратын құжатын ресімдеу үшін Жетісай АПБ қызметкерлері тиісті жұмыстар жүргізіп, оған Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі табысталды.