Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғындардың қауіпсіздігін күзетуден шаршамаған учаскелік инспектордың еленген еңбегі

Елімізде тұрақты әрі қауіпсіз қоғам құруда полиция қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Түнгі ауысымға шығу, әрдайым байланыста болу, жұмыс кестесінің ауырлығы, өміріңді қатерге тігу – мұның бәрі сақшы өмірінің ажырамас бөлігі. Соған қарамастан қызығы мен шыжығы мол мамандықты таңдаушылардың қатары сиреген емес. Осындай қауіпті мамандықты игерген учаскелік инспектор туралы Polisia.kz сайты әңгімелейді.

Адамдар қандай да бір қауіпті жағдайға ұшырап қалса құзырлы органдарға хабарласып, полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды.

Тәртіп сақшыларының жұмыс күні телефонның шырылы мен рацияның үнінен басталады. Толассыз түсіп жатқан коңыраулар мен рациядан келген хабарлар полицияның жұмысы оңай емес екенін ұқтырады. Тізе берсең көбейе беретін олардың бір тәуліктегі жұмысының жауапкершілігін бірі білсе, бірі білмейді.

Осындай қиын мамандық иесінің бірі – өз ісіне мығым, қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын Қызылорда облысы полиция департаментінің Арал ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Асхат Үсентаев.

Асхат Үсентаев ішкі істер органдарындағы қызметін 2008 жылы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлығынан бастап, 2015 жылы бөлімнің кезекші бөлімшесінің инспекторы кезекшісі, 2020 жылы аға инспекторы кезекшісі қызметтерін атқарып, қазіргі лауазымында 2022 жылдың мамыр айынан бастап абыройлы қызмет жасап келеді.

Ол әркез үлкенге ізеттілік, кішіге қамқорлық көрсететін жандандардың қатарында. Ұжымда беделді, бөлімнің қоғамдық жұмыстарында белсенділік танытып, жас қызметкерлерлерге бағыт-бағдар беруден еш жалықпайды. Асхат Үсенов қызметте жауапкершілігі мол, ізденімпаз, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары қызметкер болса, отбасында үлгілі көпбалалы әке, жұбайы Закира Унгарова екеуі алты бала тәрбиелеп отырған өнегелі отағасы.

Асхат Аманкелдіұлы қызметін адал атқарып, уақытпен санаспай, жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай ҚР ІІМ-нің бұйрығымен «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Мұны салада атқарған көп еңбегінің тағы бір нәтижесі деп айтуға болады.

– Бұл марапат маған емес, бекітілген учаскелік аймақта күндіз-түні көз ілмей, тәулік бойы қоғамдық тыныштықты сақтау, қылмысты болдырмау және алдын алу бағытында жұмыс атқаратын әріптестерімнің марапаты деп қабылдаймын. Еңбегімнің еленгені мен үшін қуаныш, зор мәртебе, –дейді полицей.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру