Алаяқ тұрғынға көмек беруге уәде беріп, алдап кетті
Түркістан облысының полицейлері алаяқтық жасаған күдіктіні «ізін суытпай» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Онда өзінің танысы мемлекеттік бағдарламалардың бірі бойынша бизнес-жоспар алу үшін көмектесуге уәде берген. Сонымен қатар күдікті 300 мың теңге жәрдемақы алып беретінін айтқан. Осыған байланысты жәбірленушіден алаяқтық жолмен ақша алып, қайтармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сайрам АПБ криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні тәулік ішінде ұстап, Аудандық полиция басқармасына жеткізді. Қазіргі уақытта осы оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Полицейлер оқиғаның мән-жайын және алаяқтың осыған ұқсас басқа да жайттарға қатысы бар-жоғын анықтау үстінде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және алаяқтардың құрбанына айналмау үшін шектен тыс бейқамдық танытпау қажеттігін ескертеді. Сыйақы үшін күмәнді қызметтер, несие және басқа да материалдық игіліктер алуға көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.
Егер сіз алаяқтықтың немесе бөтеннің мүлкін ұрлауға байланысты өзге де қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.