Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Туристердің тыныштығын күзеткен тәртіп сақшылары

Тәртіп сақшылары туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана – заманауи, қарқынды дамып келе жатқан әрі қонақжай қала. Мұнда жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған мың турист келеді. Бөгде елге сапар – бұл жаңа әсерлер мен күтпеген жағдайлардың үйлесімі. Әсіресе егер бәрі жоспар бойынша бола қоймаса: телефон жоғалып кетсе, бала адасып қалса немесе жергілікті тұрғындармен түсінбеушілік орын алса. Мұндай сәттерде туристерге қолдау мен көмек ауадай қажет. Астанада бұл міндетті кәсіби түрде туристік полиция атқарады.

Туристік полиция қызметкерлері – бұл тек құқық тәртібін қамтамасыз ететін мамандар емес. Олар – ел туралы алғашқы әсерді қалыптастыратын тұлғалар.

Олардың басты міндеті – қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, шетелдік және отандық туристер үшін достық пен жайлылық атмосферасын қалыптастыру.

Ағылшын, неміс, түрік, қытай және басқа да тілдерді меңгерген туристік полиция қызметкерлері кез келген қонақпен оңай байланыс орната алады. Олар туристерге жағдайды түсіндіреді, тосын жайттарда көмек көрсетеді, қажет болса, бағыт-бағдар беріп, мәдениетке құрметпен, сыпайы әрі сабырлы түрде қызмет етеді.

Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары кезінде туристік қызмет көрсету взводының патрульдік полиция полкі қызметкерлері өздерінің жедел жұмыс барысын дәлелдеді. Үндістаннан делегация құрамында келген қонақ маңызды жеке және жұмыс ақпараттары бар телефонын жоғалтып алған. Туристік полиция небәрі 40 минут ішінде құрылғыны тауып, иесіне қайтарып берді.

Тағы бір жағдай – Астана орталығында АҚШ-тан келген туристер баласын жоғалтып, полицияға жүгінді. Полицейлердің үйлесімді жұмысының арқасында бала жылдам табылып, ата-анасы саяхатын тыныш жалғастырды.

Қытайлық туристерге көмек көрсету де өзекті. Полиция аға лейтенанты Жеңіс Өнербек қытайлық қонақтарға туған тілдерінде тұрақты түрде қолдау көрсетеді.

Туристік полиция негізгі туристік нысандар маңында, туристер жиі жүгінетін орындарда – “Бәйтерек” монументі, “Бейбітшілік және келісім сарайы”, ірі сауда ойын-сауық орталықтары, жағалаулар, жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар, “ЭКСПО” көрме орталығы мен басқа да халық көп шоғырланған орындарда тұрақты патрульдік рейдтер жүргізеді. Жаз мезгілінде полицейлер саябақтарды, жағалаулармен жаяу жүргіншілер жолдарын экологиялық электромобильдермен күзетеді. Бұл олардың жұмысын мобильді әрі заманауи етеді.

Туристік полицияның болуы – бұл тек құқық бұзушылықтың алдын алу мен туристердің құқықтық сауаттылығын арттыру ғана емес. Бұл – құқық қорғау жүйесіне деген сенімділік, елдің оң бейнесін қалыптастыру және қауіпсіз, жайлы,қонақжай бағыт ретінде Қазақстанның халықаралық беделін арттыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру