Түркістан облысында алаяқтық жолмен таныстарының атынан косметика алған шымкенттік әйелді ұстады
Түркістан полицейлері алаяқтық жолмен таныстарының атынан косметика алған Шымкент қаласының тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, сырттай танысы өзінің атынан компаниялардың бірінен тапсырыс арқылы бет әрлейтін құралдарды алғанын көрсеткен. Яғни жәбірленуші әйелге жалпы 50 мың теңгеге жуық шығын келтірген. Полиция қызметкерлері аталған деректі ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Хабар алысымен ордабасылық тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы жергілікті тұрғынды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жүзеге асырды. Куәлардан жауап алып, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басын анықтады. Ұсталған азаматша Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ тәртіп сақшылары күдіктінің алаяқтық жолмен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай күдікті әйелдің бұдан басқа да үш жайтқа қатыстылығы расталды. Ол жәбірленушілерді алаяқтық жолмен компанияға тіркеген. Содан соң жәбірленушілердің атынан түрлі косметикаларды алып, сатып жіберген. Ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді. Кез келген ұсынысты қабыл алмай, толық тексеріп алыңыз деп кеңес береді. Егер де сіз осыған ұқсас қылмыстың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, уақыт жоғалтпай бірден полицейлерге «102» телефоны арқылы хабар беріңіз.