Түркістан облысы ПД басшылығы патрульдік полицияның жеке құрамымен кездесті
Түркістан облысы ПД басшылығы патрульдік полицияның жеке құрамымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальонының ғимаратында құқық бұзушылықтың алдын алу, тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жеке құраммен кездесу өтті. Аталған жиынға Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Б. Айтпаев, ПД бастығының Кадр саясаты жөніндегі орынбасары Б. Сапар, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы А. Төреханов пен Әкімшілік полиция басқармасының бастығы А. Тастанбеков қатысты.
– Бүгінде полицейлерге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша үлкен жауапкершілік жүктелді. Сондай-ақ халықтың полиция қызметіне деген сенімін арттыру бойынша нақты міндеттер қойылған. Сондықтан заңдылықты сақтауға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеуге шақырамын, – деп атап өтті Б. Сапар.
Одан кейін Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальонының командирі Қанат Рақышев баяндама жасады.
– Жыл басынан бері патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен 97 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен 176 жайт, ҚР ӘҚБтК 596-бабы 3-бөлігі бойынша 104 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Өткен жылмен салыстырғанда республикалық маңызы бар жолдардағы жол-көлік оқиғаларының саны 19,7%-ға, ал қаза тапқандар саны 32,8%-ға төмендеді, – деді ол.
Бұдан әрі, ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы А.Тастанбеков патрульдік полицейлерді әкімшілік хаттамаларды жасау кезіндегі өзгерістермен таныстырды. Ал Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы А. Төреханов патрульдік полицияның жеке құрамы арасындағы қызметтік тәртіптің жай-күйі туралы айтып берді.
Сонымен қатар іс-шара аясында патрульдік полиция батальонының жеке құрамының қызмет атқаруға дайындығын тексеру бойынша саптық жиын өткізілді.