Түркістан облысы полицейлері көлікті заңсыз айдап кеткен қызылордалық тұрғынды ұстады
Түркістан облысы полицейлері көлікті заңсыз айдап кеткен қызылордалық тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-на жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, тұрғын үйінің алдында көше бойында тұрған «ВАЗ 2106» маркалы көлігін белгісіз біреу рұқсатсыз айдап кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 500 мың теңгені құрады. Аталған жайт СДТТБТ-не ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Арызданушының көлігін табу мақсатында, барлық полицейлер қажетті шараларды іске асырды. Жақын аймақтарды аралап, көрген-білгендерден сұрастырылды. Соның нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті анықталып ұсталды. Ол бұрын алаяқтық жайты бойынша, сотты болған Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты. Өз кінәсін толық мойындады.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті көшеде адам жоқтығын пайдаланып, есік алдында тұрған көліктің есігін ашып, байқатпай айдап кеткен. Тәртіп сақшылары жәбірленушінің автокөлігін күдіктінің үйінен тауып, айғақты зат ретінде тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдікті азамат қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Өз кезегінде полицейлер тұрғындарға өз мүліктеріне мұқият қарауды ескертеді. Үйге кірерде жарық шамдары көп орналасқан жерлерге ыңғайлап қойып, көліктеріңіздің есігінің жабылғанына толық көз жеткізуге кеңес береді.