Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысы полицейлері тұрғынның қалтасынан есірткі тапты

Түркістан облысы полицейлері тұрғынның қалтасынан есірткі тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түсті. Оның айтуынша, Боралдай ауылының тұрғыны есірткі затын сақтап, қолданады және тасымалдаумен айналысады. Полицейлер ақпарат алысымен тез арада іске кірісті.

Хабарламада көрсетілген жайтты анықтау мақсатында оқиға орнына Бәйдібек АПБ-нің қызметкерлері шығып, шұғыл тексеру жұмыстарын жасады. Осы жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікке ілінген азаматтың мекенжайы анықталды. Ал күдікті ер адам үйінің алдындағы көшеден ұсталды. Оның жеке басына тінту жүргізу кезінде шалбарының сол қалтасынан пакетке оралған сіріңке қорапшасының ішінен жасыл түсті ұнтақталған есірткі затына ұқсас «кептірілген өсімдік» табылды. Полицейлердің қырағылығы мен кәсіби шеберлігі арқасында табылған айғақты зат тәркіленіп алынды. Сараптама тағайындалды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, хош иісті зат «кептірілген марихуана» болып шықты. Салмағы 2,5 грамға жуық. Күдікті өз жауабында аталған есірткі затын тауып алғанын жеткізді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы Бәйдібек АПБ қызметкерлерімен анықталатын болады.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеліп, СДТБТ-не енгізіліп, қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру