Түркістан облысының полицейлері үйінде есірткі сақтаған тұрғынды ұстады
Бәйдібек АПБ-нің қызметкерлері «Қарасора» жеделдетілген-профилактикалық іс-шарасы аясында қарқынды қызмет атқарып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өсіруге заңмен тыйым салынған өсімдіктерді сақтау, қолдану, сату жайттарын болдырмауға, дер кезінде анықтап жоюға бағытталған жұмысты жандандырып келеді. Мәселен, АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі өз үйінде есірткі затын заңсыз сақтап жүргендігі жөнінде хабарлама келіп түскен. Аталған жайтты полицейлер Бәйдібек АПБ-не тіркеп, қажетті шараларды іске асырды.
Осы хабарлама бойынша оқиға орнына Бәйдібек АПБ-нің жедел-тергеу тобы шықты. Мұқият жүргізілген тексеру жұмыстары барысында күдікке ілінген тұрғынның ауласындағы сарайының шатырының астынан пакетке салынған есірткіге ұқсас хош иісті зат табылып, тәркіленіп алынды. Сараптама тағайындалды.
Зерттеудің қорытындысына сәйкес алынған заттың «кептірілген марихуана» екендігі анықталып, жалпы салмағы 30 граммға жуық болып шықты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеліп, күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда полицейлер күдіктінің есірткі затын өзінде қандай мақсатпен сақтағанын анықтау үстінде.
Естеріңізге сала кетсек, 1 маусымнан бастап Түркістан облысының аумағында есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтауға, жолын кесуге және алдын алуға бағытталған кең ауқымды республикалық «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.