Түркістан облысы полиция департаментінде жедел кеңес өтті
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысы полиция департаментінде жедел кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасыныңның бастығы Қанат Рахишев, басшы орынбасары Есімхан Қожбанов, "ҚазАвтоЖол" АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Қуатбек Нұрбаев пен қала, аудандық полиция басқармаларының қызметкерлері қатысты. Кеңестің негізгі мақсаты – республикалық маңызы бар автожолдарды қысқы пайдалану кезеңіне дайындау, қар тазалауға арналған арнайы техникалардың әзірлігін және жолдарға себілетін инертті материалдардың жеткіліктілігін пысықтау.
Сонымен қатар жиында қыс мезгілінде ауа-райы күрт өзгеріп автожолдарға қалың қар жауып көк-тайғақтар орын алған жағдайда, мердігерлердің қар тазалауға арналған арнайы техникалық құралдарының үздіксіз жұмыс істелуін және инертті көк-тайғаққа қарсы материалдардың толықтығы қаралды.
Осы орайда Қуатбек Нұрбаев қазіргі таңда автомобиль жолдарын дер кезінде тазалап, көк тайғақтың алдын алу үшін қолданыста 88 техника мен 140 жұмысшы дайын екендігін жеткізді.
Қыс мезгілінің басталуына байланысты полиция жолда өте мұқият болуға, белгіленген жерде жылдамдықты асырмауға, ауа-райының жағдайларын ескере отырып қауіпсіз қашықтықты және аралықты сақтауға шақырады.
