Шорнақ ауылындағы жанжал: жағдай тұрақты
Полицейдің көз алдында наразылық білдірген бір топ тұрғынның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған болатын, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұған дейін Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылында полиция қызметкерлері тұрмыстық жанжалдың алдын алған болатын.
Оқиға орнына бірінші боп жеткен Кентау қалалық ПБ учаскелік полиция инспекторы тараптар арасындағы дауды тоқтатуға қатысты барлық шараны қолға алды. Полиция қызметкері жарақат алып, белсенді топтың мүшелері қанша жерден бағынбаса да сақшы өз міндетінен таймай, қару қолдануға жол бермеді. Жанжал кезінде учаскелік полиция инспекторы мен ауылдың үш тұрғыны тас тиіп жарақат алды. Оларға медициналық көмек көрсетілді.
Келесі күні Шорнақ ауылында арандатушылар жиналып, жақын маңдағы ауыл тұрғындарын заңға қайшы әрекеттер жасауға шақырған. Аталған жайт полиция қызметкерлерімен бірден тоқтатылды. Ауыл тұрғындарымен облыстың қоғамдық және әкімдік өкілдері кездесті.
Жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері төрт адамды ұстады. Оның екеуі соттың шешімімен қамауға алынды. Қазіргі уақытта орын алған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.