Түркістан облысында 100-ге жуық есірткі жарнамасы өшірілді
Түркістан облысында 100-ге жуық есірткі жарнамасы өшірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңмен тыйым салынған есірткі заттарын пайдалану, сақтау, өсіру, сату сынды қылмыстардың алдын алып, болдырмауда үздіксіз жұмыстар жүргізуде. Оның ішінде есірткі жарнамалайтын жазуларды өшіру, сайттарды анықтап, оларға тосқауыл қою ісі де күн тәртібінен түскен емес.
Осы мақсатта ТО ПД ЕҚҚІҚБ бастамасымен, Түркістан ҚПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары, Жастар орталығы жанындағы еріктілерді қатыстыра отырып, маңызды шара ұйымдастырды. Іс-шара барысында Түркістан қаласындағы орталық көшелер мен ғимараттардың қабырғаларынан синтетикалық есірткілердің жарнамаларының граффити-жазбаларын өшіру және алып тастау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 100-ге тарта жазба өшірілді.
Сондай-ақ ескерте кететін жайт, есірткі жарнамалайтын интернет-сайттар анықталған жағдайда, аталмыш сайттар жойылып, сайттар мен жазуларды жасауға қатысы бар адамдар ұсталып, жауапкершілікке тартылатын болады. Сондықтан Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ескертеді: синтетикалық есірткілердің жарнамасын жасау, жазбалар қалдыру, ғаламтор арқылы жұмыс жасау үшін ҚР ҚК-нің 299-1-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) негізінде жауапкершілік қаралған. Өзіңіздің болашағыңыз, деніңіздің саулығы үшін зиянды әрекеттерге жоламай, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар. Осы бағыттағы жұмыстар полицейлер тарапынан әлі де жалғасуда.