Түркістан облысында 11 мас жүргізуші анықталды
Полицейлер Түркістан облысының аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, жол қозғалысы ережесін бұзудың 4609 дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның ішінде автокөлікті заңсыз қайта жабдықтаудың 74 фактісі, рейс алдындағы тексеруден өтпеудің 5 жайты және техникалық байқау құжаты болмауының 147 фактісі бар. Сондай-ақ автокөлікті басқару кезінде телефонды пайдаланғаны үшін 195 құқық бұзушы мен міндетті сақтандыру туралы заңнаманы бұзғаны үшін 202 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жылдамдық режимін бұзудың 2224 дерегі анықталды. 196 маневр жасау ережесін бұзу мен 10 қарсы жолаққа шығу фактісі тіркелді.
Сонымен қатар көлік құралдарын мас күйінде басқарған 11 жүргізуші анықталды. Рейд кезінде айыптұраққа барлығы 274 көлік қойылып, құқық бұзушылар жауапқа тартылды.
Мысалы, Шардара ауданы трассаларының бірінде тәртіп сақшылары мотоцикл жүргізушісін тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің мас екені анықталды. Жол ережесін бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, мотоцикл айыптұраққа қойылды.